Петропавлда қатты дауыл салдарынан көлік үстіне ағаш құлап, Береке ықшам ауданында ғимараттың шатыры жұлынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы аумағында екпіні секундына 15-20 метрге дейін жететін дауыл тұратындығы жөнінде хабарлама таратқан болатын. Петропавлда ауа райы түске қарай күрт өзгерді. Қатты дауыл ағаштарды құлатып, бірнеше ғимаратты зақымдады. Әлеуметтік желіде бірнеше бейнежазба да тарады. Куәгерлердің айтуынша, облыс орталығындағы «Қазақтелеком» ғимараты зақымданған . Береке ықшам ауданында салынып жатқан сауда үйінің шатырын жұлып кеткен. Ал, орталық көшелердің бірінде екі көліктің үстіне ағаш құлады. Әзірге дауылдан келген залалдың нақты көлемі белгісіз.
«Қазгидромет» РМК СҚО филиалы мамандарының айтуынша, өңірдің барлық аудандарында дауыл тұрады. М. Жұмабаев ауданы Возвышенка елді мекенінде және Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында желдің екпіні 23 м/с дейін жетіп, көру аймағы 200-500 метрден аспайды. Синоптиктер 7 мамырға да дауылды ескерту жариялады.
Фото: «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінен