Облыста 2177 бос жұмыс орны бар. Бұл туралы Enbek.kz порталында жарияланды. Бос орындардың 1,3 мыңнан астамы – Петропавлда, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Медицина және фармацевтика саласында 380-нен астам маман тапшы. Қызметкерлерге әр түрлі жалақы ұсынылған. Мысалы, Тимирязев аудандық ауруханасы терапевт дәрігер іздеуде, жалақысы 260-тан 300 мың теңгеге дейін жетеді. Уәлиханов аудандық ауруханасы жалпы практика дәрігеріне 299 мың теңгеден бастап жалақы ұсынады. Ауылдық амбулаторияның фельдшеріне 132 — ден 202 мың теңгеге дейін, көпбейінді облыстық ауруханадағы ультрадыбыстық диагностика дәрігеріне 200-ден 597 мың теңгеге дейін төлеуге дайын.
Құрылыс саласына 217 қызметкер керек. Әр түрлі жұмысты істейтін адамға – 120 000, тас қалаушыларға — 150 мың теңге, құрылыс және монтаж жұмыстарының шеберіне 400-500 мың теңге беру көзделген.
Сонымен қатар,ауыл шаруашылығы саласында да маман тапшылығы білінеді. Мұнда 192 қызметкер қажет. Ауылдарға механизаторлар, зоотехниктер, ветеринар дәрігерлер, бақташылар, тракторшылар керек. Жалақы мөлшері — әртүрлі, ең төменгісі 60-80 мың теңгені құрайды.
Фото: ашық дереккөздерден