СҚО – да биыл қатерлі ісіктің сирек кездесетін түрі — тері меланомасы бар жеті адам есепке алынды. Бұл аурудан өңірдің бес тұрғыны қайтыс болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Онкологиялық орталық емханасының меңгерушісі Марат Тұрғынов меланома сирек кездесетін, бірақ қатерлі ісіктердің бірі екенін атап өтті. Науқастардың басым көпшілігі 30-35 жаста.
— Көптеген жағдайларда меланома туа біткен және жүре пайда болған меңдердің орнында өршиді. Тек 28-30% — терінің дақ түспеген жерлерінде пайда болады. Бұл ауру көбіне ультракүлгін сәуле радиациясы әсерінен пайда болады. Түркия, БАӘ, Египет, Жерорта теңізі жағалауындағы елдерге жиі сапарлайтын адамдар тәуекел тобында. Ағзаның пигментациясы бұзылған, жүре пайда болған иммун тапшылығы бар, тері меланомасымен ауыратын туыстары бар адамдар да осы дертке бейім келеді, — деді Марат Тұрғынов.
Гормоналды препараттарды ұзақ қабылдау, мең мен секпілдің беті ашылуы, 1,5 см қара немесе қоңыр түсті және 50-ден астам дақ болуы және жүктілік пен бала емізу кезінде аурудың пайда болу қаупі жоғары.
Фото: ашық дереккөздерден