Мамандандырылған ХҚКО-дағы жабдықтар ауыстырылып жатқандықтан жергілікті тұрғындар жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыра алмай жүр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстікқазақстандықтар 1 ай бойы емтихан тапсыра алмай жүргендері туралы әлеуметтік желілерде жарыса жазуда. Орталық мамандары кейбір құрылғылар істен шыққандықтан, осындай мәселенің туындағанын растады.
— Мамыр айының басында жаңа датчиктер келді. Бірақ проблема шешілген жоқ. Қондырғыларды орнататын қызметкерлерді күтті. Мамандар демалыс күндерінің алдында, яғни 6 мамыр күні келген. Мерекеден кейін қоңырау шалып, сұрастырып едік аптаның соңына дейін орнатамыз деп айтты. Кеше де хабарласып көрдік, алайда дәл осы жауапты естідік,- дейді наразы тұрғындар.
«Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ филиалының баспасөз қызметі ХҚКО-ның мамандандырылған бөліміндегі автоматтандырылған алаңның бөлшектенгенін және екінші буындағы ескі жабдықтың GPS датчиктері бойынша жетілдірілген жаңа жабдыққа ауыстырылғанын хабарлады. Бірақ, нақты қашан іске қосылатынын айтқан жоқ.
Фото: ашық дереккөздерден