Мамырдың 11-і мен 15-сі аралығында Стамбул қаласында өткен Әлем кубогында солтүстікқазақстандық кикбоксшылар 1 алтын және 3 қола жүлде еншіледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Байрақты бәсекеде қыз-келіншектер арасында ел намысын Наталья Богданова қорғап, алтыннан алқа тағынды. Ал Данияр Жарасов, Аслан Асылбеков пен Омар Төлебаев қола медальдарға ие болды. Спортшылардың бапкері Дастан Қабденовтың айтуынша, жерлестеріміз бұл жарысқа тыңғылықты дайындалған.
– Көпжылғы жаттығулар жемісін берді. Шәкірттерім алға қойған бағыттан таймай, шаршы алаңда бар білгендерін пайдалануға тырысты. Наталья чемпион атанып, Әнұранымызды Стамбул төрінде шырқатты. Алда әлі де бағындырар асулар бар. Ол үшін барымызды салуға тырысамыз, – дейді Дастан Қабденов.