Петропавлдық дизайнер Әлфия Жүкенова халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған іс тігу және киім пішуді үйрету орталығын ашты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Кәсіпкер іске маусым айында кіріспек. Оқыту курстары жаз бойы өтеді. Әлфия Жүкенова келешекте орталықта 2-ші және 3-ші дәрежедегі тігіншілер әзірлеп, оларды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Ісмер келіншектің мұндай бастаманы қолға алуына кәсіпкер әрі тележүргізуші Динара Сәтжанның шеберлік сағаты түрткі болған.
-Цехта біз сөмке, киім мен түрлі бұйымдарды тігу мен пішуді үйретеміз. Кәсіпкерлер палатасына тиісті тізілімге оқу орталығы ретінде енгізу туралы өтініш білдірдім. Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығына жұмыс орнында оқыту бойынша өтініш жаздым. Яғни, алдағы уақытта түрлі заттар тігіп, сол салада жұмыс істегісі келетін жандарды маған бағыттап отырады, — деді Әлфия Жүкенова.
Фото: ашық дереккөздерден