Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаменті Шал ақын ауданы тұрғындарының электр энергиясының құнына қатысты шағымдарына жауап берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жарасбай Сүлейменовпен болған кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Лидия Нечупей электр энергиясына түнгі тарифті қайта енгізу мәселесін көтеруді сұраған болатын. Айтуынша, аталған жеңілдік зейнеткерлер үшін өте тиімді еді. Осы сауалға байланысты, Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің мамандары сараланған тарифтер энергиямен жабдықтаушы ұйымдар үшін тиімсіз болғанын, осыған байланысты біраз шығынға ұшырағанын атап өтті. Өйткені түнгі тарифтың бағасы өзіндік құнынан төмен болатын.
-Әсіресе, бюджеттік ұйымдар, дүкендер, асханалар, сондай-ақ түнгі тұтынуға ауыспаған жеке тұлғалар шығынға ұшырағаны жасырын емес. Осыған байланысты, 2017 жылы тариф алынды. Тарифтерді тежеу және әлеуметтік шиеленіске жол бермеу мақсатында қарапайым тұрғындарға заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдарға қарағанда төмен тариф белгіленді, — деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Сергеевка қаласының тұрғыны Ықылас Бекхожин қоғамдық кеңестің төрағасымен кездесуде мамыр айында электр энергиясы үшін бұрынғыдан неғұрлым аз төлегенін жеткізді. Департамент мамандары электр энергиясы бойынша тұрғындарға «Севказэнергосбыт» ЖШС қызмет көрсететінін айтты. 2021- жылғы 5 -тамыздан жаңа тарифтер енгізілген. Мысалы, тұрғындар үшін 1 кВт/сағат үшін — 12,42 теңге, ал орташа баға — 19,04 теңге.
— Электр энергиясына түпкілікті тарифтің деңгейіне Қазақстанның Энергетика министрлігі бекітетін баға әсер етеді. Сондай-ақ ұлттық, өңірлік және жергілікті тариф белгіленеді, бұл теңгерімдеу қызметінің құны және жабдықтау үстемесі, — деп хабарлады департамент өкілдері.
Фото: ашық дереккөздерден