СҚО-да жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің қатысуымен 24 жол апаты тіркелді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері облыста жаяу жүргіншілердің қатысуымен 24 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан, 26 тұрғын зардап шегіп, 4 адам қаза тапты. Апаттардың 6-уы жаяу жүргіншілердің кесірінен орын алған. СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының хабарлауынша, жыл басынан бері жол ережесін бұзғаны үшін 2 мыңнан астам жаяу жүргінші жауапқа тартылды. 23 мамыр күндіз сағат 11 кезінде Астана және Интернационал көшелерінің қиылысында жолды кесіп өтпек болған 19 жастағы қала тұрғыны Камаздың астына түсіп, жарақат алды. Петропавлдық жігіт ауруханаға жатқызылған. Қазіргі уақытта апаттың мән-жайы анықталуда.
-Жаяу жүргіншілер, велосипедшілер және жүргізушілер жолда ұялы телефон мен құлаққаптарды қолдануы өте қауіпті екенін ұмытпаған жөн. Немқұрайдылықтың арты өкінішпен аяқталуы мүмкін,- дейді СҚО жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Фото: ашық дереккөздерден