Петропавл әуежайы кейін сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру үшін осыған дейін 2 рет аукционға шығарылды. СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жуырда әуежай мүлкі тағы да саудаға шығарылатынынын айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Екінші аукционда баға екі есе төмендеді. Өңір жетекшісінің айтуынша, әуежай мүлкі үшінші рет бастапқы құны бойынша шығарылады.
-Екі рет байқау өткізілді. Сатып алуға ешкім құлық танытпады. Сол үшін бұрынғы 5,6 миллиард теңгеге ораламыз. Тағы бір байқау жариялануы мүмкін, — деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі жыл сайын әуежайды қамтамасыз етуге 200 миллион теңгеге дейін қаражат жұмсайтынын айтты.
— Үлкен ұшақтар кешкі уақытта ұшып кетуі үшін мұнай базасы қажет. Бұл жолаушы тасымалын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сәйкесінше,айтарлықтай инвестицияны талап етеді. Өкінішке орай, біз мұндай шығындарды әлі көтере алмаймыз. Бизнесті жүргізетін инвесторлар қажет. Біз рейстерді зерттеп, халықаралық авиакомпанияларға шығып, тасымалдаушылармен келісетін едік. Әкімдік мұнымен айналыса алмайды, — деді Құмар Ақсақалов.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев