Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылының 2025 жылға дейін Алаш зиялыларына арналған мемориалдық кешен бой көтереді. Мәдени-тарихи кластер 240 га аумақты алады. Ол жерде музей, демалыс орны, қонақ үй, қайық стансасы және этноауыл орын теппек, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл жер бекерден-бекер таңдалмаған. 1918 жылы елді мекен маңындағы Әлти қажының қонысында Міржақып Дулатов бастаған алашордашылардың ұйымдастырумен үлкен жиын өткен. Оған Алаш қайраткерлері, Көкшетау және Петропавл уездерінің болыстары, игі жақсылар қатысқан екен.
-1918 жылы Солтүстік өңірде большевиктер үкіметі құлап, негізгі билікті Алаш қайраткерлері қолына алған еді. Сол уақытта жаз айы – шілденің аяғында Петропавл, Көкшетау уездерінің 22 болысын жинай отыра жиын өткізеді. Алайда Сәбит Мұқановтың кітабында 10 мыңға жуық халық жиналды дейді. Тарихи маңызы зор жиында Алаш үкіметін құру және оның әрі қарай қызметі, салық жинау, Алаш армиясын құру секілді үлкен мәселелер қаралды. Бұл деректік негізде анықталып, биыл бұл орын мемлекет тарапынан қорғауға алынды. Қазақстанның киелі жерлерінің жалпы ұлттық нысанына енгізілді. Бұл біздің тарихымыз. Егер біз тарихымызды білмесек, болашағымызды құра алмаймыз. Бұл біздің жаңа Қазақстанымыздың ілгері жылжуының бір қадамы деп санаймыз, — дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.
Бұл жерде мәдени-тарихи кластерді жүзеге асыру жоспарда бар. Осыған орай мемориалдық кешеннің орнына белгі тас қойылды. Салтанатты іс-шараға Петропавл мен Қостанай қалаларының тарихшылары, ғалымдары қатысты. Алаш зиялыларына арналған мемориалдық кешен 3 жылда салынып, 2025 жылы ашылады.
Фото Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев