1 маусым күні Петропавлдағы оқушылар сарайында облыс әкімінің орынбасары Жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың республикалық кезеңінің жеңімпаздарын құттықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстікқазақстандық оқушылар барлық пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадаларда өз білімдерін деңгейінің жоғары екенін дәлелдеуде.
— Бүгін өңірдің жас та болса зерек, талапты оқушыларымен кездескеніме қуаныштымын. Балалар жеңіс жолында ұзақ дайындалып, бүгінде төккен терінің жемісін көріп отыр. Әрине, бұл ретте ұстаздардың да еңбектері орасан зор, — деді СҚО әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов.
Жалпы, олимпиаданың республикалық кезеңіне біздің облыстан барлығы 96 оқушы қатысты. Қорытынды бойынша қоржынға 1 алтын, 4 күміс және 19 қола медал түсті. Үздік нәтиже көрсеткен балаларға ақшалай сыйлықтар табыс етілді.