Өткен жылы суға шомылу маусымында Солтүстік Қазақстан облысында 22 адам, оның ішінде 6 бала суға кетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Соңғы 9 жылда облыс бойынша бұқаралық демалыс орындарында 211 адам суға кетті, олардың 33-і бала.
— Суға шомылу кезеңінде суда жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін су айдындарының жабдықталмаған учаскелерінде шомылмауға, балалардың ересектердің қарауынсыз шомылуына жол бермеуге, мас күйінде шомылмауға, белгі орнатылған жерлерден өтіп кетпеуге, тексерілмеген жерлерде шомылмауға, суға батқан адам құсап жалған белгі бермеуге және су айдындарын ластамауға кеңес береміз. Егер осы қарапайым ережелерді сақтасақ, онда қайғылы оқиғаға душар болмаймыз, — деді СҚО ТЖД басқарма бастығы Марат Мұратов.
Айта кетейік, СҚО аумағында екі мыңнан астам су қоймасы бар, олардың ішінде көпшілік демалатын 58 жерде ғана шомылуға рұқсат етіледі.
фото ашық дереккөздерден.