СҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт қауіпті маусым басталғаннан бері облыста 725 гектардан астам алқапта 22 орман өрті тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда өрт саны 57% — ға, өрт аумағы 23 есеге көбейді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихин орман өрттері туралы материалдар полиция департаментіне тапсырылғанын, кінәлілерді анықтау үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Орман өрттерінен басқа, СҚО-да 45 дала өрті болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35% — ға көп.
— Ахуалды сараптау үшін әкімдік «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ-мен 6,5 млн.теңге сомаға ғарыштық мониторинг деректерін беру туралы шарт жасады. Өрттердің алдын алу үшін азаматтық қорғау күштері, жергілікті полиция қызметі, орман мекемелері мен жергілікті атқарушы органдардан 200-ден астам адам жұмылдырылған 42 мобильді топ құрылды. Олар профилактикалық рейдтер жүргізеді. Олардың нәтижелері бойынша 109 тәртіп бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 46-сы жалпы сомасы 1,3 млн теңге айыппұл төледі, — деді Дмитрий Растихин.
Мырзабай БЕЙСЕН
Фото ашық дереккөздерден.