Петропавлдағы оқушылар сарайында Қазақстан Елтаңбасының авторы, жерлесіміз, Мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті сәулетші Шота-Аман Уәлихановтың 90 жылдығына арналған республикалық конференция өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігі мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің қолдауымен өткен конференцияға Шота-Аман Ыдырысұлымен бірге қызмет атқарған Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының сәулетші ғалымдары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ерлан Шұланов, Шота-Аман Уәлихановтың қызы Баян Уәлиханова, Қазақстан Республикасының тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаһарманы» Тоқтар Әубәкіров, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі, Сәулетшілер одағы филиалының төрағасы Серік Рүстамбеков, «Дүниежүзі түркі халықтарының конгресі» қоғамдық бірлестігінің президенті Арман Ақмұқанов, облыстық мемлекеттік мұрағатының директоры Сәуле Мәліковалар әдемі естеліктерімен бөлісті.
— 1992 жылы 4 маусым мемлекетіміздің белгісі болған Ту, Елтаңба және Әнұранымыз конституциялық заң негізінде қабылданып, ресми түрде бекітілген күні. Осы құндылықтарымыздың арқасында еліміз әлемге танылып, қазақ ұлтының мерейі тасқындады. Түрлі халықаралық жарыстар мен жиындарда Көк туымыз көкке желбіресе, Елтаңбамыз әрбіріміздің төлқұжаттарымызда айшықталды. «Бостандық» деген атақты осындай рәміздеріміз арқылы көрсетіп келдік. 30 жылдықты атап өту барысында сол Елтаңбаның авторларының бірі, бүгінгі ұрпақ үшан мақтан тұтар заңғар тұлға Шота-Аман Уәлихановтың 90 жасқа толуын бірге атап отырмыз. Бұл біз үшін мақтаныш, – деді облыстық мұрағаттың директоры Сәуле Мәлікова.
Мырзабай БЕЙСЕН
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев