Референдум учаскесі Петропавлдағы Заречный кентіндегі қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/1 мекемесінде орналасқан. № 656 референдум учаскесіне 45 шаршы метр аумақ акт залында бөлінген екен. Барлық қажетті жиһазбен, керек-жарақпен жабдықталып, жасырын дауыс беруге арналған кабинкалар, стационарлық сайлау жәшіктері қойылған.
-Мекемеміздің әкімшілік бөлігінде орналасқан учаскеде барлық қауіпсіздік талаптары сақталған. Дауыс беру орны өрт қауіпсіздігі және өзге де техникалық нұсқаулықтарға сай жабдықталған. Жасырын дауыс беруге арналған кабиналардың барлығы алдын ала тексерілді. Екі стационарлық бейнебақылау камерасы орнатылды, жеке құрамды орналастыру әзірленді, тергеу-қамауға алынғандарды камералардан сайлау учаскесіне шығару схемасы бекітілді, — дейді ЕС 164/1 мекемесінің бастығы Рүстем Сағденов.
СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл референдум учаскесі жабық. Мекеме аумағында дауыс беруге үкімдері заңды күшіне енбеген күдіктілер, айыпталушылар және тергеу-қамауындағылар қатысады. Бүгін мекемеде дауыс беріп жатқан ең жас сотталғанның жасы – 19-да. Мұдар Мағиев бұзақылық жасағаны үшін істі болған екен. Ал ең ересегінің жасы – 75-те.
-Үкімдері заңды күшіне енген сотталғандардың жалпыға бірдей сайлау құқығы болмайды. Қазір 4 маусым бойынша арнайы контингент саны 211 адам, оның ішінде: дауыс беру құқығы бар – 155 адам отыр. Олардың 50-і үкімнің заңды күшіне енуін күткен сотталғандар, 105 адам әлі тергеудегілер. Жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдар толық көлемде құжатталды, — дейді СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Рустан Ахметжанов.
Фото: ашық дереккөздерден.