Петропавлдағы «Қарасай» стадионы УЕФА талаптарына сай келетіндей қайта жаңғыртылады. Жақын арада стадионды қайта құруға жобалық-сметалық құжаттама дайын болады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, ол үшін жарықтан бастап қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дейін көптеген талаптарды орындау қажет.
Аймақ басшысы спортшылардың қыс түскенше ойнап, жаттығуын қамтамасыз ету үшін жылытылатын алаң, сондай-ақ УЕФА талаптарына жауап беретін киім ауыстыратын бөлмелердің құрылысы қарастырылғанын айтты.
— Қаражат бар. Кешенді жоспар бізге қосымша пайда болатын мәселелерді шешуге ақша бөлуге мүмкіндік берді. Егер команда осы жылы чемпионатқа қатысып, кем дегенде 4-ші орынды иеленсе, онда УЕФА конференциялар лигасын қабылдау мүмкіндігі бар, — деді Құмар Ақсақалов.
Өткен маусымда «Қызылжар» футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде 4-ші орынға көтерілді.
— Біздің футболшыларымыздың жеңісі мен жеңілісіне, олардың сәтсіздікке ұшырауына қарамастан, футбол әлемдегі нөмірі бірінші ойын болып қала береді. Үлкен стадиондар жаңа жетістіктерге жетелейді. Қазіргі уақытта біздің командада легионерлер көп, біз өз спортшыларымызды дайындауымыз керек. Бұл ұзақ та қажырлы жұмыс, — деп атап өтті облыс әкімі.