Петропавлда 50 көпқабатты баспана тұрғызылып жатыр

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

 Оның 26-сы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылса, 24-і жеке кәсіпкерлердің қаражатына салынуда. Бұған қоса, жыл соңына дейін тағы 11 үйдің құрылысы басталады. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов журналистерге Петропавлдағы құрылыс алаңдарын аралаған уақытта  мәлімдеді, деп хабарлайды  Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Өңір басшысы алдымен Уәлиханов көшесі бойындағы «Орталық» шағынауданында болды. Мұнда өткен жылы 120 ескі үй сүріліп, олардың орнына жаңа заманауи баспаналар салынуда. Жоспар бойынша қаланың осы аумағында 10 көпқабатты ғимарат бой түзейді. Әзірге, оның 3-уінің құрылысы аяқталды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, келер жылы да бұл жұмыс жалғасын табады.

– Соңғы 5 жылдың ішінде облыстағы құрылыс саласына тартылған инвестиция көлемі 3 есеге артты. Нәтижесінде мыңнан астам өңір тұрғыны көптен күткен баспанаға қол жеткізе алды. «Орталық» шағындауданында түркиялық компаниялар да өз қаражаттары есебінен 8 коммерциялық 18 қабатты үйді салуды жоспарлап отыр. Әзірге, жобалық-сметалық құжаттар дайындалу үстінде. Сондай-ақ, осы аумақта спорт кешені салынып, болашақта балабақша да тұрғызамыз деп жоспарлап отырмыз, – деді Құмар Іргебайұлы.

«Орталық» шағынауданында көпқабатты үйдің 3-уін «Основание» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрғызып жатыр. Компания басшысы Сергей Тимофеевтің сөзінше, оған тиесілі 2 үйдің құрылысы аяқталды. Мердігер М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне  жатақхананы салу ісін бастап кетті.

– Біз қала бойынша 7 нысанның құрылысына жауаптымыз. Уәлиханов көшесінде мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үш үйдің екеуін тапсырдық. Баспаналардың аулаларын абаттандыруға жауапты компания өз жұмысын аяқтаған соң, пәтерлер халық игілігіне беріледі. Университет жанынан 11 қабатты жатақхананы да тұрғыза бастадық. Ерекше үлгідегі ғимарат Петропавлдың көркін аша түседі, – деді Сергей Тимофеев.

Бұдан соң облыс әкімі «Қопай» шағынауданына барып, мұндағы тұрғындармен тілдесті. Қалалықтардың сөзінше, бүгіндері құрылыс компаниялары  үйлерді сүру жұмыстарын бастап кетті. Алайда, тұрғындардың  кейбіріне әлі күнге дейін сүрілген баспаналары үшін төленетін қаражат не жаңа  қоныс берілмепті.

– Ескі үйлерді бұзу жұмыстары басталатынын бізге ешкім айтқан жоқ.  Әкімдік мамандары пәтеріміздің бағасы 13 млн. теңгеден асатынын  ғана жеткізді. Баспанамыз сүрілгеннен кейін бізге үй беріле ме, әлде қаржы ма, ол жағын білмейміз, – деді Татьяна Анисимова.

Құмар Ақсақалов бұл  сұрақ жақын арада шешімін табатынын атап өтті. Қопайдағы құрылыс жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асатын болады.

– Ең алдымен тәуелсіз сарапшы тағайындалып, ол үйіңіздің жағдайын бағамдап, құнын есептеп шығарады. Оның негізінде қалалық әкімдік белгіленген соманы сіздерге ұсынады. Егер қарсы болмасаңыздар, ақша сіздердің  есепшоттарыңызға аударылады немесе жергілікті атқарушы билік көпқабатты үйді өздері тауып береді, – деді облыс әкімі.

Тұрғындардың сөзінше, «Қопай» шағынауданында жаңа көпқабатты үйлер салынады деген ақпарат тарап кеткен соң, кейбір баспаналарды өртеу фактілері деорын алған. Бұл мәселеден қалалық әкімдік хабардар екенін шаһар басшысының орынбасары Жанболат Батырбеков айтты.

– Бүгіндері «Қопай» шағынауданында 4 үй өртеніп кетті. Бұл оқиғалардың мән-жайын анықтау үшін тиісті мәліметтер облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдеріне жіберілді. Қазіргі уақытта  мамандар тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Сүрілетін барлық баспана иелеріне тиісті қаражат төленеді. Арнайы комиссия шешім қабылдайды. Ол қоғам белсенділері мен депутаттардан құралған, – деді Жанболат Нұрахметұлы.

Жалпы «Қопай» шағынауданында 117 жер үй сүріліп, олардың орнына 27 көпқабатты баспана тұрғызу жоспарда бар. Биыл 9 үйдің кірпіші қаланбақ.  Осылайша, алдағы жылдары 2800-ге тарта қала тұрғыны қоныс тойын  тойлауға мүмкіндік алмақ.

«Береке» шағынауданында құрылыс қарқыны бір мезетке де тоқталған емес. Бүгіндері қаланың шеткері аумағында 30 жаңа көпқабатты баспана бой көтерген. Биыл тағы алтауының  құрылысы жүргізіліп, дені жыл соңында халық игілігіне беріледі. Облыс әкімі әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қарастырылған нысандарды көріп шықты.

– Жыл соңына дейін көпбалалы және жалғызбасты 120 анаға пәтер беріледі. Олардың барлығы «Берекедегі» жаңа үйлерге қоныстанбақ. Сондай-ақ, бұл шағынауданда алдағы уақытта 240 балаға шақталған түзету мектебінің құрылысы басталады. Кейін бюджет қаражаты есебінен жаңа балабақша салу да жоспарда бар, – деген Құмар Іргебайұлы құрылыс алаңында журналистердің сұрақтарына да жауап берді.

Тілшілерді «Қарасай» стадионын жаңғырту жұмыстары мен «Берекеде» тұрғызылып жатқан емхананың жағдайы қызықтырды. Облыс әкімі денсаулық сақтау мекемесі биыл тапсырылмаса, ендігі жылы міндетті түрде халық игілігіне берілетінін жеткізді.  «Қызылжар» футбол клубы алаңының жобалық-сметалық құжаты әзірленуде.

Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Аманжол Нұртазин, aman_nurtazin@mail.ru

Тілші:

Мадина Нуркина, +77057396494, Nurkinamad@mail.ru

SMM-менеджер:

Айжана Шайкенова,

+77782191267

nadyasaf070@gmail.com

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz