Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумның алдын ала қорытындыларын жария етті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, Конституциялық түзетулер бойынша дауыс беру жалпыхалықтық сипатта болды. 6 маусымда таңғы 8.00-дегі жағдай бойынша еліміздің және шетелдегі барлық 10012 референдум учаскесінде дауыстарды санау аяқталды.
«Республикалық референдум туралы» конституциялық заңның 31-бабына сәйкес егер дауыс беруге құқығы бар осындай азаматтардың жартысынан астамы қатысса, референдум өткізілді деп есептеледі. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы дауыс берсе қабылданды деп саналады. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны 7 986 293 немесе референдумға қатысушы азаматтар санының 68,06 пайызын құрады. Осылайша референдум өтті деп есептеуге болады», – деді ол.
Референдумды жақтап дауыс берген азаматтардың саны еліміздің барлық өңірлерінде дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызын құрайды. Ал бұл – 6 163 863 адам. Бұл 17 өңірдің әрқайсысында абсолютті көпшілікті құрап отыр. Осылайша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кемінде үштен екісінде қолдау қажеттігі туралы Конституциялық заң талабы сақталды. Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың жалпы саны дауыс беруге қатысқандардың 18,66 пайызы немесе 1 490 475 адамды құраған.
Аймақтық комиссиялар дауыстарды санағаннан кейін 2 күн ішінде хаттамалардың тұпнұсқаларын әрбір өңір бойынша жеткізуге тиіс. Республикалық референдумның қорытындылары Орталық референдум комиссиясының отырысында белгіленеді. Оны өткізу күні мен уақыты қосымша хабарланады.
Ақпарат бойынша сырт елде тұратын қазақстандықтардың референдумға қатысуы үшін 52 дипломатиялық өкілдікте 65 референдум учаскесі жұмыс істеді.
Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың аумақтық комиссиялары ұсынған алдын ала деректері бойынша азаматтардың референдумға қатысу статистикасын жариялады: Ақмола облысы – 73,81, Ақтөбе облысы – 58,06, Алматы облысы – 72,83, Атырау облысы – 67,68, Батыс Қазақстан облысы – 69,37, Жамбыл облысы – 69,59, Қарағанды облысы – 77,39, Қостанай облысы – 72,28, Қызылорда облысы – 79,89, Маңғыстау облысы – 61,19, Павлодар облысы – 75,53, Солтүстік Қазақстан облысы –75,49, Түркістан облысы – 80,66, Шығыс Қазақстан облысы – 77,49, Нұр-Сұлтан қаласы –57,06, Алматы қаласы – 33,30, Шымкент қаласы – 72,53 пайыз.