Өңірдегі медицина нысандары инфрақұрылымының тозу деңгейі 0,9 %-ға төмендеп, 74,7 %-ға жетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының медицина саласына 10 млрд 369 млн теңге жұмсалды. СҚО қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышканттың айтуынша, денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын арттыру мақсатында 268 медициналық техника, оның ішінде заманауи МРТ, КТ аппараттары, ангиограф және рентген аппараттары сатып алынды.
-Бұдан басқа, көпбейінді облыстық балалар ауруханасының автобазасы жаңа 30 санитарлық автокөлік және авторефрижератормен толықты. Жамбыл ауданының Благовещенка дәрігерлік амбулаториясына, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоселовка дәрігерлік амбулаториясына, Аққайың ауданының Шағалалы ауылы дәрігерлік амбулаториясына – барлығы 7 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Осы мақсатқа жалпы сомасы 309,2 млн теңге жұмсалды, — дейді Наталья Дышкант.
Сонымен қатар, «Береке», «Жас өркен» шағын аудандарында емхана салынып жатыр. Бұл іске 803,3 млн теңге бөлінген. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жарақтандыру 5,7 %-ға артты.
Фото Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев