Петропавлдағы ЕС 164/6 мекемесіндегі сотталғандар жылыжайда көкөніс пен лимон, мандарин, жүзім өсіре бастады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
4 жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕС 164/6 мекемесінде жылыжай ашылды. Жазасын өтеушілер жеміс-жидек пен көкөніс егіп, мекемені қияр, қызанақ және болгар бұрышымен толық қамтып отыр. Артық қалғаны сатылады. Қазіргі уақытта мекемеде 200-ден аса әйел адам жазасын өтеп жатыр. Соның 95 %-ы жұмыспен қамтылған. Жалақылары 40 мың теңгеден жоғары.
— 140 әйел «Еңбек Қызылжар» ЖШС-де тігінші болып еңбектенеді. Олар арнайы киім, төсек орын тігеді. Мекеме аумағында 3 кәсіпкер жұмыс істейді, бірі тігіншілікпен айналысса, екіншісі құрылыс материалдарын шығарады, құс-қоян өсіріп, жылыжай ұстайды, осылайша 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Үшіншісі ойыншық қонжықтар тігеді, ол жерде 4 адам жұмыс істейді. Жазасын өтеушілер еңбекақысының жартысы қарыздарын өтеуге кетсе, қалғанын өздерінің керек-жарақтарына жұмсай алады, туған-туыстарына, балаларына көмектеседі, — дейді ЕС-164/6 мекемесі бастығының орынбасары Гүлнәр Сыздықова.
Фото: ашық дереккөздерден