Қызылжар ауданының тұрғыны былтыр маусым айында көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылған. Соған қарамастан, мас күйде көлік рөліне отырған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жуырда Тайынша ауданында полиция қызметкерлері 39 жастағы жүргізушіні тоқтатты. Медициналық сараптама оның есірткі қолданғанын растады. Ол биыл ақпан айында көлік басқару құқығынан 8 жылға айырылған.
-Аталған фактілер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бүгінгі таңда көлікті мас күйде жүргізгені үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Баптың санкциясымен 5 жылға дейін бас бостандығынан айырудан өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Мас жүргізушілер жол қозғалысының барлық қатысушыларына үлкен қауіп төндіреді. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күнделікті қызмет барысында осындай санаттағы жүргізушілерді анықтауда күшейтілген түрде жұмыс істейді. Жол қозғалысының қатысушылары әрдайым жол үстінде мұқият болуы тиіс. Әсіресе, жаяу жүргіншілер өткелден өтпес бұрын автокөлік жүргізушілерінің оларды өткізіп жатқанына көз жеткізгені дұрыс», — дейді СҚО жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Жыл басынан СҚО жолдарында 416 мас жүргізуші ұсталды. Бұдан бөлек көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілерге қатысты 29 қылмыстық іс қозғалды. Оның 19-ын тәртіп сақшылары сотқа жіберді.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен.