Жергілікті қолөнершілер Елена Андреева мен Нанар Джанунцтың айтуынша, өңірде қолөнершілік дамып келеді. Бірақ, шеберлер жасаған туындаларды сататын арнайы орын жоқ. Кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен өткен кездесуде келешекте өңірде қолөнершілер қауымдастығы ашылуы мүмкін екені айтылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-2021 жылы біз Петропавлдағы Конституция көшесінде қолдан жасаған бұйымдарымызды сатуға, жергілікті шеберлердің басын қосуға рұқсат сұрадық. Сол жолы бізге рұқсат беріп, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың және өлкетану музейінің алдын бөлді. Тек жаймаларымыз қала сәнін бұзбайтындай біркелкі болсын деді. Біз талапты орындап, 2017 жылға дейін шығып жүрдік. Содан кейін рұқсат жоқ деп айыппұл салатын болды, — дейді Елена Андреева.
Дегенмен, қазір бұл мәселе шешілген. Қолөнершілер жаяу жүргіншілер көшесінде қолдан жасаған бұйымдарын жасауға рұқсат алыпты. Бұл проблеманы біржақты ету үшін солтүстікқзазақстандықтар бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырғанын жасырмады. Жергілікті әкімдік шеберлерге былтыр ашылған «QҮZҮLJAR art center» орталығында сауда жасауды ұсынған екен. Елена Андрееваның айтуынша, орталықта бұйымдарды сатуға жағдай жасалған, бірақ орындарды жалға алу керек. Әрі ол жаққа тұрғындар көп бара бермейді, сәйкесінше сауда да жүрмесі анық.
СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов алматылықтардың тәжірибесімен танысу қажеттігін айтады.
-Алматыда үлкен Арбат бар, оған жергілікті қолөнершілер, музыканттар, суретшілер және басқалар заңды негізде шыға алады. Кәсіпкерлер палатасы ретінде біз олардың тәжірибесін зерделеп, өнімдеріңізді арбатта сатуға рұқсат берудің құқықтық негізін әзірлейік, оны біздің билікке ұсынамыз, — деді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев