Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Мағжан оқулары–2022: Ұлы Даланың рухани мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов шараға қатысушыларды құттықтап, өзінің игі тілегін жолдады. Ол өз сөзінде көзі тірісінде ұлт ақыны ретінде мойындалған, Мұхтар Әуезов «бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі» деп үлкен баға берген тағдыры қиын талантты тұлғаның өмірі мен шығармашылығы жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге болып қала беретінін, алаштың ардақты ұлын ұлықтау мақсатында кешенді іс-шаралар атқарылып жатқанын жеткізді. Алқалы басқосуға қатысушылар алдында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай «Мағжанның журналистік қызметі», «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-ның директоры, «Мағжан» республикалық көркем-әдеби қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Жарасбай Сүлейменов «Мағжан және Алаш арыстары» тақырыптары бойынша баяндама жасап, жырлары мөлдір сезімге, болмысы биік парасатқа толы ұлағатты қасиеттеріне нақты мысалдар келтірді.