Бүгін Петропавл қаласының бас алаңында ҚР Ұлттық ұлан Академиясының жас лейтенанттарының 22-ші шығарылымы өтті. Салтанатты іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары генерал-майор Жандос Омарқұлов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, Академия бастығы генерал-майор Бауыржан Әбжанов, Тәжікстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер қолбасшысының тәрбие-саяси қызметі жөніндегі орынбасары полковник Музафар Чабборзада, өңірдегі күш құрылымдарының бірінші басшылары, ардагерлер, түлектердің ата-аналары мен туыстары қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Оқу орнын 191 түлектің 13-і үздік бітірді. Қазақстандық түлектермен бірге Қырғыз Республикасының екі және Тәжікстан Республикасының тоғыз өкілі диплом алды.
Түлектерге диплом тапсыру салтанатты рәсімінен кейін жиналғандардың алдында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары генерал-майор Жандос Омарқұлов сөз сөйледі.
— Мен, Академия қабырғасында алған терең теориялық білім, терең кәсіби дайындық және моральдық-психологиялық шынығу сіздің одан әрі дамуыңыз бен өзін-өзі танытуыңыз үшін берік негіз болатынына сенімдімін, — деді генерал-майор Жандос Омарқұлов.
Дәстүр бойынша барлық қойылымдардан кейін түлектермен оқу орнының жауынгерлік туымен қоштасу рәсімі өтті. Академияны үздік бітірген лейтенант Нұрдәулет Тағайбек Жауынгерлік тумен қоштасу құрметті құқығына ие болды.
Биыл әскери оқу орны құрылғанына 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде Академия қабырғасынан 4000-ға жуық жас офицерлер даярланды, олар Ұлттық ұланның, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің офицерлік құрамының, Мемлекеттік күзет қызметінің және басқа да әскери құрылымдар бөлімшелерінің қатарын толықтырды.
Фото: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі