Рауан мен Нариман Бекімовтер Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен үздік атанып, алтыннан алқа тағынды. Байрақты бәсекеге 21 елдің спортшылары қатысуда, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
51 келі салмақта күрескен Рауан шешуші сында қырғыз спортшысымен кездесіп, 8:0, ал Нариман Бекімов өзбек спортшысын 8:2 есебімен жеңді. Осылайша екеуі де спорт шеберінің нормативін орындады.
-Рауан мен Нариман бізге 7 сыныпта келді. Екеуінен зор үміт күтеміз. Аяқ алыстары жаман емес. Тек биыл Рауан Францияда өткен ХХІХ Бүкіләлемдік жазғы гимназиядада күміс жүлдені еншіледі. Нариман осының алдында ғана Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық турнирде 2 орын алды. Ол Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен еді, — дейді Петропавлдағы облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің грек-рим күресі бөлімінің әдіскері Гүлмира Шаймерденова.
Ағайынды Бекімовтер грек-рим күресінен Әлем чемпионатына жолдама алды. Кадеттер арасындағы жарыс шілденің 25-і Италияда өтеді деп жоспарлануда.
Фото: ашық дереккөздерден