Петропавлда «Коммунхоз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының үстінен 500 млн. теңгеден астам сомаға 18 атқарушылық өндіріс қозғалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Кәсіпкерлер палатасына өткен жылы қаланы абаттандыру бойынша жүргізілген жұмыстар үшін төлем алмаған бірнеше ұйым жүгінді. Мәселе қар шығару, көгалдандыру, бейнебақылау камераларын орнату, мерекелерде қаланы безендіруге қатысты.
«Ушаков ЖК» 2021 жылы Жаңа жыл қарсаңында қаланы жарықпен безендірген. Екі жақ 43 млн. теңгеге келісім-шарт жасасыпты. Алайда, оның 16 миллионы төленбеген. Сот «Коммунхоз» кәсіпорнын қарызын төлеуге міндеттеді, бірақ берешек әлі де қайтарылмаған.
-27 ұйым 1,5 млрд.теңгенің жұмысын орындады. 600 млн. теңге көлемінде қаражат аударылды, өйткені қалалық ТҮКШ бөлімі бұл сомаға «Коммунхозбен» шарт жасасты, — деп түсіндірді кеңес төрағасы Инесса Қуанова.
Қала әкімінің орынбасары Жанболат Батырбеков мемлекеттік органның «Коммунхоз» алдында қарызы жоқ екенін атап өтті.
— Біз оның салыстыру актілері бойынша ұсынған ақшасын толық төледік. Барлық қарызды төлейміз деп айта алмаймын. Өйткені, бұған құқықтық негіз жоқ, қосымша шарт жасалмаған. Бұл әселені шешеміз деп айту қиын, — деді Жанболат Батырбеков.
Инесса Қуанова кәсіпкерлерге тиісті қаражатын алу үшін сотқа жүгіну қажеттігін айтты.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев