27 мамырда Ақжар ауданының Талшық ауылында үйіліп тұрған шөп өртеніп, 10 және 8 жастағы 2 бала қаза тапты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
15 сағат 30 минутта аудан орталығының № 8 өрт сөндіру бөліміне Талшық ауылы Луговая көшесінде қора мен шөп жанып жатқаны туралы ақпарат келіп түскен. Құтқарушылар оқиға орнына лезде жетті.
— Сағат 17 шамасында үйілген шөптің арасынан үй иесінің 2012 жылы туған ұлы мен 2014 жылы туған қызының денесі табылды. Тұрғындардың айтуынша, олар мұның алдында сарайдың төбесінде ойнап жүрген. Оқиғаның нақты мән-жайы анықталуда, — деп хабарлайды ТЖ департаментінің қоғаммен байланыс тобы.
Болжам бойынша, от балалардың ойынынан шығуы мүмкін.
Фото: ашық дереккөздерден