Петропавлдық тәртіп сақшылары Қазақстан полицияның 30 жылдық мерейтойына орай волейболдан жарыс ұйымдастырды. Сайыс «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының базасында өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Спорт алаңында Петропавл қаласы полиция басқармасының бөліністерінен 7 команда өзара бақ сынасты. Нәтижесінде, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері айқын басымдықпен жеңіске жетті. Екінші орынды әкімшілік полиция өкілдері иеленсе, үшінші орын жедел басқару орталығы мен қалалық ПБ өзге командаларына бұйырды.
Сонымен қатар, полиция аға лейтенанты Сажида Қаражігітова жарыстың үзік ойыншысы деп танылды. «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы бойынша полиция капитаны Әсел Жұмабаева марапатталды.
-Дене шынықтыру даярлығы – полицей жұмысының маңызды аспектісі. Волейбол тек күш пен ептілікті талап етіп қоймай, командамен жұмыс істеуге үйретеді. Командалық ұйымшылдық ұжымдағы саламатты қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізеді және басқарма басшылығы тарапынан марапатталып тұрады, — дейді қалалық полиция басқарамсының бастығы Жандос Мұқатов.