Еуропалық географиялық олимпиада маусымның 24-і мен 29-ы аралығында онлайн режімде өтті. Сайысқа әдеттегідей, Қазақстан, Ресей, Латвия, Литва, Польша, Эстония, Словения, Түркия, Сербия, Чехия және тағы да басқа елдерден жалпы 76 оқушысы қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Оқушылар теориялық, практикалық және картографиялық тапсырмаларды орындап, мультимедиялық викторинаға қатысты. Ал Қазақстанның намысын 2 команда, 6 оқушы қорғады. Олардың барлығы ағымдағы жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Олимпиада нәтижесі бойынша Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Санжар Хамитов – алтын, Шымкент қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Арсен Сыдықов – күміс медальға ие болды. Ал Павлодардағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Ислам Жолдасбек, Шымкент қаласындағы N1 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 10 сынып оқушысы Ерзат Имамай, Павлодардағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Жасұлан Қазез бен шымкенттік Қанат Серікбайға қола жүлде бұйырды.