Петропавлдағы аты шулы жылу электр орталығын қалпына келтіру үшін инвесторлар 18 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында наурыз айында мұржасы жартылай опырылып түскен Петропавл 2-ЖЭО-ның екінші мұржасы да бұзылатынын айтты.
– Өкінішке қарай, қазір ауа райы қолайсыз болғандықтан, жұмысқа дұрыстап кірісе алмай отырмыз. Мұржаны алып тастауға тиісті дайындығы мен лицензиясы бар альпинистер тартылды. Мамандар біршама жерді бұзғаннан кейін тағы да қызметкерлер жұмылдырылмақ. Күзге дейін мұржаны толық бұзуды жоспарлап отырмыз, — деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, оның орнына келесі жылы заманауи мұржаның құрылысы басталады.
-Ескі екі мұржаның орнына үлкен жаңасы орнатылады. Қазір жартылай опырылған мұржа бұзылуда, кейін екіншісі алынады. Өйткені, оның да тозығы жетіп, ескіргенін көріп отырмыз, 1962 жылы салынған. Оның орнына осы екеуін алмастыратын бір биік мұржа болады. Бүгінде жоба дайындалуда, — деді облыс әкімі.
Фото Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев