Өлкеге Құлеке батырдың 320 жылдығына орай өтетін іс-шаралардың құрметті қонағы болу үшін жазушы, жыршы-жырау, манасшы Баянғали Әлімжанов келді. Мейман Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында жергілікті зиялы қауым өкілдері және студенттермен кездесіп, кітапханаға өзінің еңбектерін сыйға тартты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– Қызылжардың құйқалы топырағынан небір сайыпқырандар шыққан ғой. Солардың бірі – Құлеке батыр. Мен тарихи тұлға туралы пьеса жаздым. Ол жергілікті театрда сахналанбақ. Бүгін руханият ордасы саналатын кітапханаға бірнеше туындымды сыйға тартқалы отырмын, – дейді Баянғали Әлімжанов.
Атап айтсақ, ақын облыстық кітапханаға «Манас. Семетей. Сейтек», «Сказ столетнего степняка» романын сыйға тартып , «Разрешите жить», «Абылай хан және оның батырлары», «Капля» повестерін, «Пандемия» поэмасын кітапхана қызметкері Майра Әшімоваға салтанатты түрде табыс етті.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев