СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, маусым айының соңында 26 жастағы қала тұрғыны Борки кентінде Есіл өзенінің жағасында балық аулаған. Айтуынша, қармағына ауыр нәрсе іліккен. Ол зат мылтық болып шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл жайында петропавлдық «102» нөміріне хабарлаған. Табылған қару сараптамаға жіберіліп, оның тіркелмеген 12 калибрлі қос ұңғылы «ТОЗ-34» аңшылық мылтығы екені анықталды.
-Жігіттің қаруды тауып алғаны туралы бірден полицияға хабарлағаны дұрыс болды. Өйткені, тіркелмеген қаруды сақтауға тыйым салынған, — дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерлан Мәдиев.
Жыл басынан облыста өз еркімен тіркелмеген 9 қару тапсырылған, заңсыз айналымнан 53 қару алынған.