СҚО-да 48 жастағы азамат интернет-алаяқтардың сөзіне иланып, сан соғып қалды. Петропавлдық 2 банктен 4 миллион теңге несие рәсімдеп, қаражатты алаяқтарға аударып жіберген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алданып қалған қалалық интернет-алаяқтардың қандай айла-тәсілдерді қолданатынын білген. Сондықтан, өздерін банк қызметкерімін деп таныстырғанда бірден тұтқаны қоя салыпты. Алайда, келесі күні тағы да бір қоңырау түскен. Бұл жолы киберқылмыскерлер 48 жастағы ер адамның аты-жөнін, жеке құжаттағы мәліметтерін, қайда жұмыс істейтінін, отбасы мүшелерінің санына дейін айтып берген. Жәбірленушінің айтуынша, мұндай ақпаратпен ол бұрын банктен несие аларда бөліскен екен.
-Осыншама мәліметті білетін адамдар алаяқтар емес шығар деп ойладым. Киберқылмыскерлер банктегі менеджерлер менің атыма бір миллион теңге несие рәсімдегенін айтты. Солардың айтуы бойынша 2 банктен 4 млн теңгеге несие алып, барлығын алаяқтардың нұсқаған шотына жібердім, — дейді Юрий Фоминых.
Алаяқтар мұнымен тоқтамай, келесі күні де қоңырау шалып, басқа банктерден несие рәсімдеуін сұраған. Осы кезде петропавлдық айлакерлердің құрығына түскенін ұққан. Бүгінде қылмыскерлер іздестіріліп жатыр.
Фото: ашық дереккөздерден