«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметі Петропавлдағы жылу-электр орталығының жартылай опырылып түскен мұржасын неліктен үш-ақ адам ғана бөлшектеп жатқандығын түсіндірді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Бұл жер қауіпті болғандықтан, үлкен бригадамен жұмыс істеуге тыйым салынған. Мұржаның тағы да құлап кетуі ғажап емес. Сондықтан биіктіктегі жұмыстарды арнайы дайындалған альпинистер атқарып жатыр.Тағы екеуі төменнен жабдықты бақылайды, — деп түсіндірді баспасөз қызметінің өкілдері.
Мұржаны барлық жағынан қоршап тұратын жылжымалы платформа орнату жұмыстары аяқталуға жақын. Ол мұржаны бөлшектеу жылдамдығын арттырмақ.
-Мамандар бетонды балғамен сындырып, арамен кесіп ала алады, олар жұмысты бұрынғыдай мұржаның үстінде отырып атқармайды, тұрақты платформаның үстінде тұрып істейді, — деп түсіндірді компанияның баспасөз қызметі. Айта кету керек, бұған дейін осы мердігер – «KZ ТеплоСтрой-Сервис» ЖШС Үлбі металлургия зауытының мұржасын бөлшектеген еді.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев