Қала күні орталық алаңда, Мәдениет және демалыс саябағының аумағында, ескі саябақта, Жеңіс саябағында және «Солтүстік жұлдыз» саябағында тойланды, Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Мереке барысында триатлоннан жарыс та өткізілді. 48 атлет жүзу, велоспорт және жүгіруден бақ сынасты. Спорт сайысының қорытындысы бойынша жүзуден спорт шебері Игорь Сорокин үздік атанды. Спорттық іс-шараның соңында қатысушылар мен жүлдегерлер медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қаланың орталық алаңында мерекелік концерт ұйымдастырылды. Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жанболат Батырбеков Петропавл жақсы жаққа өзгеріп, гүлденіп жатқанын айта кетті.
— Ескі үйлердің орнына жаңа заманауи тұрғын үйлер салынуда. Сонымен қатар, заманауи мәдениет, спорт, денсаулық сақтау және білім беру нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде М.Жұмабаев атындағы IT — мектеп-лицейі, № 25 орта қазақ мектебі, Қожаберген Жырау атындағы №6 орта мектеп, «QYZYLJAR» арт-орталығы, жаңа қазақ драма театры, «Береке» және «Жас Өркен» шағын аудандарындағы емханалар, М.Қозыбаев атындағы университеттің СҚУ оқу-зертханалық корпусы және студенттерге арналған жатақханалар бар. Қала күнінде баршаңызға зор денсаулық, жаңа табыстар, бейбітшілік, амандық және бақыт тілеймін, — деді Жанболат Батырбеков.
Облыс орталығының мерейтойына орай жергілікті талант иелері өнер көрсетіп, тұрғындардың көңілін көтерді. Сонымен қатар, елімізге танымал Қайрат Баекенов ән шырқады.
Спортсүйер қауым үшін «Динамо» стадионында және ескі саябақта шағын футбол, шахмат, үстел ойындары, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ бойынша жарыстар өткізілді.