Петропавлда әлеуметтік желі қолданушылары алаяқ пен облыс орталығы тұрғынының арасында болған әңгіменің аудио жазбасын таратып, бір-бірлерін ескертуде, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бейтаныс әйел қала тұрғынына хабарласып, өзін Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерімін деп таныстырған. Алаяқ белгісіз әйел оның атынан рәсімделген сенімхатпен екінші деңгейлі банктердің біріне жүгініп, шотындағы ақшаны алғысы келгенін айтқан. Онымен қоса, «тәртіп сақшысы» петропавлдықтың басқа банктердегі шотында қанша қаражат барын сұраған. Қалалық оның сөзіне сенбей, әңгімені тоқтатқан.
– Соңғы кезде алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріміз деп таныстырып, адамдарды алдайтын жайттар жиілеп кетті. Полицейлердің аты-жөнін нақтылау үшін аумақтық полиция бөліністеріне жүгінуге болады. Байланыс нөмірлері ресми сайттарда жарияланған, – деді СҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Марат Жұмалиев.
Полицейлер жүргізген түсіндіру жұмысының арқасында облыс тұрғындарының көпшілігі өздерінің қаражатын алаяқтардан сақтап қалды. Жыл басынан СҚО-да алаяқтардың өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері болып таныстырған 30-дан астам дерегі тіркелді.