Петропавлдықтар мемлекеттік бағдарлама бойынша өткен күзде салынған үйлеріне кіре алмай отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Банк салымшылары «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспана алу үшін біраз жылдан бері қаржы жинаған. Желтоқсан айында конкурс өтіп, бірнеше айдан кейін пәтер кілттері иелеріне табысталуы керек еді. Алайда әлі күнге дейін үйді пайдалануға беру актісі жоқ.
– Мердігер – «Мөлдір» компаниясы абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, жылумен жабдықтау жүйесін салуы тиіс болатын. Ал олар түк істеген жоқ. Біз екі ай бойы барлық инстанцияларға бардық. Инженерлік желілер де, коммуникациялар да жоқ, – дейді осыннан пәтер алған Атлан Сембаев.
Тұрғындар құрылыс барысын көру үшін үнемі келіп тұрады екен. Бірақ істеліп жатқан жұмыс мүлдем көңілдерінен шықпаған.
– Белгілі болғандай, үй бір қаражатқа салынған, ал инженерлік желілерге мүлдем басқа бюджеттен ақша бөлінген. Осы орайда инженерлік желілерсіз неге жобаларды қабылдайды деген сұрақ туындайды. Үй қазан айында салынды, ал шілдеге дейін инженерлік желіні салуға ақша бөлінбеген, – тағы бір тұрғын Валентина Тихонова.
Қалалық әкімдік өкілдері коммуникацияға 33 миллион теңге бөлінгенін, алайда құрылыс әлі басталмағанын айтты.
– Бұл үйге инженерлік желілер көрші 144 пәтерлік тұрғын үйден тартылады, соның жалғасы болып табылады. Бұл жоба бүгінде іске асырылып жатыр. Қаржыландыру мәселесі осы шілде айында шешілді. Мердігер – «Мөлдір» ЖШС. Жоба бойынша жұмыстардың аяқталуы биылғы жылдың тамыз айына белгіленген, – деді Петропавл қаласы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары.