СҚО-да жыл басынан бері 374 өрт тіркеліп, салдарынан 29 адам қаза тапты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Брифинг барысында Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихин өткен жылмен салыстырғанда өрт 7% — ға төмендегенін, қаза болғандар саны 15% — ға азайғанын хабарлады. Ал материалдық шығын 2021 жылғымен салыстырғанда 284 млн теңгеге көп. Өсім 77%-ді құрайды.
— Орын алған өрттердің 77% — ы тұрғын үй секторында тіркелген. Негізінен, қызыл жалын электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, пештерді орнату және пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі, отты абайсыз пайдаланбаудан шыққан,-деді Дмитрий Растихин.
Облыс бойынша 28 орман өрті шықты. Басым бөлігі М.Жұмабаев ауданында тіркелген.
— Статистика бойынша жаз мезгілінде жеке тұрғын үй иелері өрт қауіпсіздігі ережелерін елемей жатады. Әсіресе, шөпті сақтау кезінде белгілі бір талаптарды ескермегеннен өрт шығуы мүмкін, — деді Дмитрий Растихин.
Сонымен қатар, облыста ауа температурасы жоғарылап, сынап бағанасы 30 градустан жоғары көтерілуде. Құтқару қызметі үнемі жоғары өрт қаупі туралы тұрғындарға ескертулер жібереді.