Өңірде күн ысығандықтан, тұрғындар демалуға су айдындарында жинала бастады. Солтүстікқазақстандықтардың көбісі шомылуға рұқсат етілмеген, жабдықталмаған жағажайларда суға түседі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Қуат Махметов өткен демалыс күндері құтқарушылар мен полицейлер 40 рейд жүргізгенін хабарлады. Нәтижесінде, 1,5 мың жадынама таратылды.
— Полиция қызметкерлері тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін 27 әкімшілік хаттама және қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішкені үшін 21 хаттама толтырды, – деді Қуат Махметов.
Егер тұрғындар жабдықталмаған жерде шомылса, алғашында бір рет ескерту жасалады. Ал алкогольдік ішімдік ішкені үшін бірден 5 АЕК (15 мың теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Қуат Махметов облыс бойынша 12 көл мен Есіл өзенінде жаппай демалатын 58 жерде ғана шомылуға рұқсат етілгенін еске салды.