12 шілде күні сағат 19.30 шамасында «Нұр-Сұлтан – Петропавл» тас жолының 473-ші шақырымында Бескөл ауылының маңында «Volkswagen Golf» пен «Chevrolet Lanos» автокөліктері соқтығысып қалды. Салдарынан, 2 жүргізуші және 6 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекмелерге жеткізілді, «Volkswagen Golf» автокөлігінің 64 жастағы жолаушысы Қызылжар аудандық орталық ауруханасында қайтыс болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы фактісі Қазақстан Республикасы ҚК 345-бабының 3-бөлігі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды.
-Республикалық жолдарда, жолдың жүретін бөлігінің қиылыстарынан өтер кезде барынша сақ болу қажет. Арақашықтықты сақтап, жылдамдықты асырмаған жөн. Сондай-ақ, жүргізушілер жол қозғалысының басқа да қатысушыларының жүріс-тұрысына назар аударуы тиіс», — дейді СҚО ПД ЖПҚБ бастығы Айдын Байматов.
Жыл басынан бері облыс аумағында 127 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 191 адам жарақаттар алып, 19 адам көз жұмды.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен