Петропавл әуежайын сенімгерлік басқару мәртебесі Алматы қаласында тіркелген «Қызыл-Жар халықаралық әуежайы» ЖШС-ға берілді. Бұл туралы СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Қазір әуежай штаттық режімде жұмыс істейді. Сенімді басқарушы болған «Қызыл-Жар халықаралық әуежайы» өткен жылдан бастап бірлескен қызмет шарты бойынша әуежай қызметін жүзеге асырады және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бүгінде Алматыда тіркелген әуежай жарамдылық сертификатын ұзарту рәсімінен өтуде. Халықаралық рейстерді дамыту мәселелері әуе кемелеріне жанармай құюды қамтамасыз ету үшін қажетті іс-шаралар орындалғаннан кейін қаралатын болады, – деді ведомство басшысы Мақсат Баяхмет.
Мақсат Баяхмет мүлік мемлекеттік меншікте қалатынын айтты. Сенімгерлік басқарушы мойнына алған барлық міндеттемелерді орындаған жағдайда жеке меншікке 5 жыл өткеннен кейін ғана берілуі мүмкін.