Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұраталиев Қазақстанда «Орташа жылдамдық» жүйесін енгізу жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Біз кейде жергілікті атқарушы органдарға трассаларда бағдаршам объектілерін, жылдамдық өлшегіштерді орнатуды ұсынамыз. Бұл шаралар, әрине, бір жыл бұрын бюджетте жоспарланады, қаралады, сараптамадан өтеді, конкурстар өткізіледі. Биыл көптеген өңірлерде қосымша «Сергек» камераларын орнату қарастырылған, – деді Жандос Мұраталиев.
Спикер автотрассалардағы фото және бейнетіркеу құралдары жыл сайын артатынын айтып өтті. Сонымен қатар, Жандос Мұраталиев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Орташа жылдамдық» жүйесін енгізуді ұсынғанын айтты. Әзірге бұл ұсыныс басқа мемлекеттік органдармен талқыланып жатыр.
«Орташа жылдамдық» жүйесі белгілі бір автотрассаның бойында «Сергек» камераларын орнатуды көздейді.