СҚО-да қанттың бағасын негізсіз көтергендер анықталуда, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавлдықтар қанттың килограмы 800 теңгеден саудаланғанына наразылық білдірді. Кәсіпкерлік және индустриалды -инновациялық даму басқармасының өкілдерінің айтуынша, мониторингтік топтар күн сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылап отырды.
Жаз басталғалы облыста қантты қымбатқа сатқан 2 көтерме сауда компаниясы анықталды. Негізі, тәтті өнімнің құны 15% — дан аспауы керек. Тексеру қорытындысы прокуратураның қарауына жіберілді.
— Петропавл аумағында базарлардың қызметіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасының сақталуына тексеру жүргізілді. Тексеру барысында уәкілетті органдар көтерме жеткізушілердің қант бағасын негізсіз қымбаттатқанын анықтады. Оларға бағаны сақтау туралы хабарлама берілді. Заң бойынша бір ай ішінде орындалуы тиіс. Тауар жеткізушілер бағаны төмендетіп үлгерді,- деді қалалық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы Азамат Қалиев.
Қоса кетейік, өңірде айына қантты тұтыну 100 тоннаға дейін өсті. Жыл басынан бері облыста қант 60% — ға қымбаттады.