Жамбыл аудандық полициясының учаскелік полиция инспекторы мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп кодексінің нормаларын және қызметтік міндеттерін бұзғаны үшін ішкі істер органдарынан қызметінен босатылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Еске салсақ, шілденің 11-і күні жидек теріп жүрген Жамбыл ауданының 49 жастағы тұрғынына оқ тиіп, көз жұмды. Осы күні жергілікті тұрғындардың бірі учаскелік полиция қызметкерімен аңға шыққан. Бүгінде қылмысы қатысы бар деген күдікке ауыл тұрғыны ілінген. Алайда, Бауман тұрғындары кінәлі заң қызметкері деп есептейді.
-Жамбыл ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторына қатысты жергілікті полиция қызметі Солтүстік Қазақстан облысы ПД ішкі қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп қызметтік тексеру жүргізді. Нәтижесінде 19 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚДП Тәртіптік комиссиясы, Жамбыл аудандық полициясының учаскелік полиция инспекторы мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп кодексінің нормаларын және қызметтік міндеттерін бұзғаны үшін ішкі істер органдарынан қызметінен босатылды. Қылмыстық істі тергеу Солтүстік Қазақстан полиция департаментінің тергеу бөліміне берілді, делінген хабарламада.