Тағы бір петропавлдық алаяқтардың құрығына түсіп қалды. Бұл жолы қала тұрғыны өздерін полиция қызметкерлері деп таныстырған айлакерлердің сөзіне иланып,пәтері мен 16 млн. теңгеден айырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, алаяқтар қала тұрғынына біреу оның баспанасын банкке кепілге салғалы жатқанын айтқан. Сол үшін баспанасын сатып, қаражатты өздері көрсеткен шотқа аударуды сұратыпты. Осыған дейін полицейлер қаскүнемдердің жалған тәртіп сақшылары болып тұрғындарды алдау жағдайлары жиілеп кеткенін айтқан еді. Жыл басынан бері өңірде 520-дан астам алаяқтық фактісі тіркелді, олардың 400-ден астамы киберқылмыс санатына жатады.
— Тұрғындарға жалған прокурорлар мен жалған полицейлер хабарласса, ақша алу, шоттарды бұғаттау, мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасу, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кездесуі үшін гүл сатып алу мәселелері бойынша дереу прокуратураның call-орталығына 8-705-842-73-06 немесе «102» нөміріне қоңырау шалуды сұраймыз, — дейді мамандар.