Аризона университетінің Петропавлдағы филиалы қыркүйекте алғашқы студенттерді қабылдайды. Бұл жайында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Джуди Куомен білім саласындағы ынтымақтастық басымдықтарын талқылау барысында айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі, ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Саясат Нұрбек Қазақстанда әлемдік деңгейдегі ЖОО-ның 5 филиалының ашылуына тоқталып өтті. Мұндай ауқымды жобалардың бірі — Аризона университетінің Петропавлдағы филиалы қыркүйек айында алғашқы студенттерді қабылдайды. АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Уақытша сенімді өкілінің пікірінше, америкалық университет филиалының ашылуы Қазақстан мен АҚШ арасындағы жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың жарқын мысалы бола алады.
-Фулбрайт бағдарламасының Қазақстанда жүзеге асырылуын талқылау үшін Қазақстан мен АҚШ өкілдерін қамтитын жұмыс тобын құруды ұсынамыз, — деді Джуди Куо.