СҚО-да 19 жастағы 2 жігіт асыл тұқымды күшікті ұрлағаны үшін 7 жылға сотталуы мүмкін, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ұрлық Есіл ауданында тіркелген. Полиция бөліміне ауылдардың бірінің тұрғыны арызданған. Белгілі болғандай, бәзбіреулер түнде қораның есігін бұзып, 3 айлық күшігін ұрлап кеткен.
Күшікті алып кеткен 2 күдікті де 19 жаста. Олардың бірінің стаффорд күшігі болған екен. Қолға түскен жігіттің бірінің сөзіне қарағанда, досы дәл осындай итті алуға көмектесетінін айтқан.
-Аталған факті Қазақстан Республикасы ҚК 188-бабының үшінші бөлігі («Ұрлық») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жігіттердің мүлкі тәркіленіп, 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылады.Мұндай қылмыс ауыр қылмыс санатына жатқызылған. Ол бойынша кешірім беруге заң бойынша тыйым салынған, — дейді облыстық полиция департаментінің өкілдері.
Күшік сол күні иесіне қайтарылды.