Жаз басталғалы солтүстікқазақстандық полицейлер із-түссіз жоғалған 76 тұрғынның жүрген жерін анықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Шілденің 15-і күні кешкі уақытта Петропавлдың 30 жастағы тұрғыны «Lada» автокөлігімен белгісіз бағытта кетіп қалған. Нәзік жандының туыстары алаңдап, полицияға хабар беріпті. Тәртіп сақшылары іздестіру іс-шараларын ұйымдастырып, еріктілерді де тартты. «Ағын» бейнебақылау жүйесі арқылы көліктің жүріп өткен жолы белгілі болды. Нәтижесінде із-түссіз жоғалған әйелдің Айыртау ауданындағы демалыс орнында болғаны анықталды. Петропавлдық бір сәт күйбең тірліктен демалмақ болған екен.
— Полицейлер тұрақты түрде рейдке шығып отырады, демалушылармен түсіндіру жұмысын жүргізеді, табиғатта қауіпсіз жүріп-тұру ережелерін еске салады. Жолға шығар алдында бұл туралы жақын адамдарыңызды міндетті түрде хабардар етіп, телефонның дұрыс жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізген жөн, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Жыл басынан облыстық полиция бөліністеріне адамдардың із-түссіз жоғалуына қатысты 275 өтініш келіп түскен. Қазіргі таңда олардың 270-і табылды.