Облыста «Біздің ауыл» өңірлік жобасы қолға алынды. Науқан аясында елді мекен тұрғындарының барлығы қолдарына құрал-жабдықтарын алып, ауылды абаттандырмақ, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Аталмыш акцияға алғашқылардың бірі болып Қызылжар ауданындағы Вагулино ауылдық округі қатысуда. Белсенді жандар баспаналарын сырлап, үй ауласын ретке келтіруге кірісті. Шарадан 80-нен асқан Валентина Яковлева да шет қалмады.
-Бұл елді мекенде тұрып жатқаныма 60 жылдан асты. Ауылда туған, осында тұратын адам өз үйінің табалдырығынан бастап осы ауылды жақсы көруі керек. Бізде волонтерлер қозғалысы жұмыс істейді, әр бейсенбі сайын белсенділер ауылды тазалауға шығады, — дейді Валентина Яковлева.
Игі шара облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен және «AMANAT» партиясының қолдауымен өтіп жатыр. «AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Біздің ауыл» жобасы аясында ескерткіштерді, обелисктерді және киелі орындарды, әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысандарды жөндеу және абаттандыру, ауылдарды санитарлық тазарту, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және басқа да іс-шаралар жоспарланып отыр.