Қазір Солтүстік Қазақстан облысында психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесте ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Сондықтан ерекше білім беруге қажеттіліктері бар баланы кеңестен өткізу үшін 2-3 айлап күту қажет, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің қорытындысына қарай баланың қандай мектепте — жалпы білім беретін немесе арнайы оқу орнында дәріс алатындығы анықталады.
AMANAT партиясы СҚО филиалы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес балалар психологтарында консультацияларды ұзақ күту себептерін анықтады. Мекеме басшылығының айтуынша, қазір 238 бала комиссия қабылдауын күтіп отыр. ⠀
-Өкінішке қарай, еліміздің заңнамасына сәйкес бір психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес 60 мың балаға қызмет көрсетуі тиіс. Салыстыру үшін: шет елдерде 7 мың балаға – бір кеңес. Алдағы уақытта заңнамадағы талап 50 мың балаға дейін азайтылса, Қызылжар ауданынан тағы бір осындай мекеме ашылуы мүмкін, — деді AMANAT партиясы СҚОФ жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің хатшысы Роза Шәкенова.
Бүгінде біздің облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға Сергеевка, Талшық және Петропавлда орналасқан осындай үш комиссия ғана жұмыс істейді.
Облыс орталығындағы мекеме қала мен бес ауданда тұратын балаларға қызмет көрсетеді. Яғни мұндағы кеңестің қарауында 84 мың бала бар. Облыстық ПМПК педагог-психологы Елена Мащенконың айтуынша, қазіргі заң бойынша екі кеңестің жұмысы үшін бұл сан аз, ал біреуі үшін – тым көп жүктеме. Осы себепті балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсету мерзімі ұзаққа созылған.